«Қарақұм жалпы білім беретін мектеп" КММ

Мектеп туралы

Кезінде буыны бекіп, марқайған шаруасы шалқақ ел дәулетіне қосылған үлесі де мол аудандағы санаулы шаруашылықтың бірі «Қарақұм» кеңшары болса, сонымен үзеңгілес шаңырақ көтерген «Қарақұм орта мектебі» болатын. 

1964 жылдың басында «Қарақұм» совхозы құрылды, ал келер жылдың тамыз айында осы шаруашылықта еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлердің талап-тілегі ескеріліп, сол кездегі Ембі аудандық Совет атқару комитетінің шешімімен «Қарақұм» сегізжылдық мектебі ашылды. 1965-1966 оқу жылында мектепке бар болғаны 127 оқушы тартылып, оған 7 мұғалім білім берді. Араға 3 жыл салып, 1968 жылы сегізжылдық мектеп орта мектепке айналды. 1970 жылы қараша айында совхоз орталығында типтік жобамен салынған жаңа үлгідегі 320 орындық мектеп үйі пайдалануға берілді.1980 жылы «Қарақұм» орта мектебінен «Опорный» сегізжылдық мектебі отау тігіп, шаңырақ көтерді. Ауыл шәкірттері мен ата-аналар жаңа білім ордасының табалдырығын аттап, бүгінгі бейбіт заманның берекелі игілігіне риза болды. 

Атырау мен Маңғыстау облыстарының шекарасындағы «Қарақұм» кеңшарымен өкшелес келе жатқан білім ордасы-«Қарақұм орта мектебінің» құрылғанына биыл 56 жыл. Мектептің педагогикалық ұжымы жылдан-жылға сан жағынан артып, сапасы жөнінен жақсаруда. Қазіргі шақта мектеп қабырғасында 2 ауысымда 88 мұғалім қызмет етіп, 648  оқушы білім нәрімен сусындауда. Мектеп заман талабына сай интернет желісімен жабдықталып, мультимедия кабинеттері жұмыс жасауда. Мектеп қабырғасында жүрген ұстаздар да, оқушылар да аудандық,облыстық,республикалық жарыстарда бой көтеріп, түрлі наградаларга қол жеткізуде. 

Осы жылдар ішінде бұл мектептің қабырғасынан түлеп ұшқан талай шәкірттер әр салада еңбекке араласты. Ел үмітін ақтап, іргелі істердің бел ортасында жүрді.  Ауылымыздың экономикалық, әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысып жүрген бірқатар азамат осы мектептің түлектері екенін мақтанышпен айта аламыз.    

Бүгінде мектеп кемел шағында. Мұғалім кадрларымен толық қамтамасыз етілген. Мектептің педагогикалық ұжымы да сан жағынан артып, сапасы жөнінен жақсаруда.Оқу-тәрбие жұмыстарының жоғары сапаға көтерілуіне ұстаздар ұжымы бірлесіп еңбек етуде. Негізгі мақсат мектептегі қалыптасқан іскерлік, бірлік дәстүрін одан әрі жалғастыру. Егемендік алған қазақ елінің азаматтарын шынайы асыл қасиеттерге тәрбиелеу.